Тәуелсіздік? (Студент монологы)
Тәуелсіздік? (Студент монологы)

Ой түзелсе, өрлер сенің бағың да!

Мұхтар Шаханов

Тамаша деп айтылсын деген рия мен тартымсыз деп сыналар деген қорқынышқа тәуелді болмауға барымды салып, алғашқы монолог блогымды жазуды жөн көрдім. Осы екеуі де, айтса екен мен айта ма екен, қанша адамның алды-артын көлегейлеп, соқыр қылды екен?.. Жарайды, оны сосын ойланармын, алғашқы ойымнан ауытқымайын.  

Мен тәуелсізбін бе?

Өзімді тәуелсізбін деп ұяттың шекарасынан шығып кетпесем екен. Бақылаушы ата-анамнан алыстаған, күш-жігерім мол жастық шағымда, осы студенттік жылдарымда еркіндікті қуамын деп құлқынымның құлына айналып кетпесем екен. Ең бастысы жалған сезім мен жалған сенім жетегінде кетпей, қарапайым адам болып қалсам екен. Бірақ, қалай? Ол үшін нені білуім және не істеуім керек.

Нені білуім керек?

Тарихыңды үйрен! Тіліңді, дініңді, діліңді, әдебиетіңді, мәдениетіңді толық қамтыған тамыры терең тарих. Асау болып ағып, зулап өтіп жатқан өмір өзеніне батып кетпес үшін өткеннен мұра болып қалған кемеге мінуім тиіс! Тарихымды танымай тұншығып қалмас  үшін. Тұншығып жатқандар көп емес пе? Көп, бұрын да көп болған, қазір де жетерлік. Өзім танымайтын адамдарды сынауым орынсыз болар. Алайда, өзіммен қатарлас жүргендердің өмірінен жақсы жағын үйреніп, жаманынан жиренейін. Жан достарым, оларды жаман ойға қимаймын. Бірақ, кемшіліктерінен құтылуға көмектеспесем менен асқан жаман дос болады ма? Кемшіліктерін бетіне басып айта салуға да болмас; қате қадамдарын қорғаштап қырсығып қалуларынан қорқамын.

Енді қандай әрекет жасауым тиіс?

Өзімнен әлсіз, өзімдей әлсіз адамдарға қанша аяушылық сезім танытқаныммен, уақытымды садақа етіп бөліп, қолғабыс көрсетпесем өмірім де, өзім де боспын. Құр сөз  болашақта еш нәтиже бермесі анық. Ал болашағын ойламай, болашақтағы арман-мақсаттарға сәйкес өмір сүрмеу надандық. Иә, дәл солай. Надандықтың ең үлкені болашаққа бармастай өмір сүру емес пе?

Тарихта надандықпен күрескен тұлғалар аз болды ма? Үлгі тұтар тұлға деп ерекше орын берген адамдардын бәрі надандықпен күресті. Олар аз болды, бірақ көпті алға сүйреді. Олар аз болды, бірақ көптің дегеніне көнбеді. Олар аз болды, бірақ өз заманының ағысына тәуелді болмады. Олар аз болды, бірақ болашақты ойлады, тарихты жаңа тарихқа жалғады. Нағыз бақытқа жетудің жалғыз жолы қиындық көпірі екенін өмірімен дәлелдеді. Демалмастан жүгіріп дәлелдеді. Шынайы тәуелсіз әрі бақытты жандар…

Мен ше? Мен болсам демалуды көп ойлаймын. Демалдым, демалып жүрмін, тағы да демала бергім келеді. Тәніме тәуелді болып жүріп шындықты дәлелдеу жүгі артылғанда дәлелдей алмай қаламын ба деп, дәлелдей алмасам бақыттан қол үзіп қаламын деп қорқамын...

Ойланайын, ойлана түсейін…Оянайын!.. Оятайын!..  

еркіндік, ой, монолог, шынайы, тәуелсізідік
Сұлтан БекСұлтан Бек
7 жыл бұрын 11430
0 пікір
Блог туралы